ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту мақсатындағы бастамалары бойынша «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту мақсатындағы бастамалары бойынша «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы

2026 жылдың 4 наурыз күні Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәдени мұраны дәріптеу бастамалары аясында «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Ауқымды мәдени іс-шараның басты мақсаты – ұлт руханиятының темірқазығына айналған ұлы ойшылдар мұрасын кеңінен насихаттау, олардың тағылымды еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Көрме мазмұны қазақ даласында қалыптасқан терең философиялық ойлау дәстүрін, рухани сабақтастық пен тарихи танымды айқындайтын еңбектерді қамтыды.

Салтанатты ашылу рәсімінде «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты кітап көрмесінің тұсауы кесілді. Арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері: философия ғылымдарының докторы, абайтанушы,  теолог Омаров Досым Қайырбекұлы, I. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұстазы, филология ғылымының кандидаты Қожағұлов Сайлаухан Қажыбекұлы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Гуманитарлық факультеті Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндері кафедрасының оқытушы-дәріскері, магистр Қуанған Өнербек сөз сөйлеп, ұлттық дүниетанымның қалыптасуындағы дала ойшылдарының орны туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Олар қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау мен жаңғыртудың өзектілігін атап өтті.

Көрме аясында ұлы ойшылдар – Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай Құнанбайұлы мұраларына кеңінен тоқталып, олардың философиялық, діни-танымдық және ағартушылық идеяларына библиографиялық шолу жасалды. Кітапхана қызметкерлері әр тұлғаның еңбектерінен алынған қанатты сөздер мен ғылыми зерттеулерді, сирек қордағы басылымдарды және заманауи зерттеу еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Шара барысында студенттер, ұстаздар, кітапханашылар мен сала мамандары еркін пікір алмасып, рухани құндылықтардың қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен пікірлер ұлттық мұраға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартты.

Тағылымды басқосу ұлттық сананы жаңғыртуға, тарихи жадыны нығайтуға және жас буынның бойына рухани тәрбие сіңіруге бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды. Кітап көрмесі келушілерге ұлы дала ойшылдарының терең тағылымын қайта зерделеуге мүмкіндік беріп, рухани құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісін көрсетті.