Көксу төрінде күй күмбірледі: «Шаттансын елім» атты мерекелік концерт өтті

Көксу төрінде күй күмбірледі: «Шаттансын елім» атты мерекелік концерт өтті

Көксу төрінде күй күмбірледі: «Шаттансын елім» атты мерекелік концерт өтті!

Көксу аудандық мәдениет үйі сахнасында Жетісу өңірінің мәдени өміріндегі айтулы оқиға – Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облысының филармониясының  Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі 35 жылдық мерейтойы аясында «Шаттансын елім» атты салтанатты концерт өтті.

Бұл кеш – ұлттық өнерді ұлықтап, күй мен әннің құдіретін дәріптеген тағылымды мәдени шара болды. 35 жылдық тарихы бар оркестрдің шығармашылық жолы – қазақтың халық аспаптар өнерінің өркендеу жолымен астасып жатқан үлкен мектеп.

Кештің жүргізушісі – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі өнер иесі Гүлзия Байбосынова. Оның мазмұнды әңгімесі мен сахнадағы шеберлігі концерттің көркемдік деңгейін арттырып, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі.

Сахна төрінде оркестрге халықаралық байқаулардың лауреаты, талантты дирижер Медет Есбергенов жетекшілік етті. Дирижердің кәсіби шеберлігі мен сезімтал басқаруы әр шығарманың мазмұнын терең ашып, тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Концерт бағдарламасы мазмұндық тұрғыдан бай, жан-жақты құрылды. Қазақтың дәстүрлі күйлері, халық әндері мен классикалық туындылар оркестрдің сүйемелдеуімен жаңа тыныста орындалды. Домбыра, қобыз, жетіген, сырнай сынды ұлттық аспаптардың үйлесімді үні көрерменге ерекше рухани ләззат сыйлады.

Әсіресе, елдік рухты асқақтататын шығармалар кештің басты идеясына айналып, «Шаттансын елім» атауының мәнін тереңдете түсті. Музыкалық туындылар арқылы тәуелсіз елдің жетістігі, халықтың бірлігі мен болашаққа деген сенімі көркем бейнеленді.

«Шаттансын елім» атты мерекелік кеш – Көксу жұртшылығы үшін рухани серпіліс сыйлаған, өнердің шынайы қуатын сездірген тағылымды мәдени оқиға ретінде есте қалды.