«Жәмилә» драмасының премьерасы сахналанды

«Жәмилә» драмасының премьерасы сахналанды

Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесінің желісімен дайындалған премьера жоғары деңгейде сахналанды. Әлемдік әдебиеттің інжу-маржаны саналатын, кезінде француз жазушысы Луи Арагон «Дүниедегі ең әдемі махаббат хикаясы» деп таңдай қаққан бұл туынды Талдықорған сахнасында жаңаша қырынан жарқырап, көрерменді сезім мен терең философия иіріміне баурап алды. 

Мәртебелі премьера кешіне Жетісу облысы әкімінің орынбасары Есдаулетов Диас Рахметұлы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сүлейменов Қуаныш Сұлтанұлы арнайы қатысып, театр ұжымының жаңа шығармашылық жетістігін жоғары бағалады. Бұл қойылым – тек театр репертуарының толығуы ғана емес, аймақтың рухани өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. 

Қойылымды сахналау үшін арнайы шақыртылған режиссер, «Құрмет» орденінің иегері Мұқанғали Томанов театрдың кәсіби ұжымымен бірлесе

отырып, бір айдан астам уақыт бойы қызу дайындық жүргізген. Режиссердің

айтуынша, Талдықорған театрының актерлық құрамы өзінің қарымдылығы мен шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Спектакльде  Жәмиләнің бейнесі үш  түрлі қыртыстан ізделіп, автордың төл бейнесімен шебер ұштастырылған. Соғыстың суық ызғары сезілген ауыл тіршілігі, ауыр еңбек және екі жанның арасындағы үнсіз үндестік сценограф Тимур Коесов пен хореограф  Айжан  Құнанбаеваның үйлесімді жұмысы арқылы визуалды тілде сөйледі. Қойылымның ең әсерлі тұсы – Жәмиләнің Даниярмен бірге өз тағдырына бет алған сәтте Шыңғыс Айтматовтың бейнесі алдында басын иетін сәті. Бұл көрініс кейіпкердің өз тағдырын қиындатып, оны әуре-сарсаңға салғаны үшін автордан кешірім сұрағандай әсер қалдырып, халықтың арман-мұңын, іңкәр сезімін және махаббаттың құдіретін паш етті.

Сценограф Тимур Коесов атап өткендей, шығармашылық топ қайталаудан қашып, классикалық шығармаға өзіндік суреткерлік қолтаңба қалдыруды мақсат еткен.

Тұсаукесер соңында көрермен қауым ұзақ уақыт бойы тіре тұрып қол шапалақтап, актерлар мен қойылым тобына деген ерекше ілтипатын білдірді. Кештің салтанатты сәтінде Жетісу облысы әкімінің ықылас гүлі табысталып, өнерпаздарға деген құрмет көрсетілді.

«Жәмилә» драмасы – тек махаббат туралы хикая емес, еркіндік пен жүрек қалауының жеңісін паш ететін, адам жанын тазалыққа жетелейтін биік өнер туындысы.