Ауыл академиясы» – жыр мен жүректің кеші

Ауыл академиясы» – жыр мен жүректің кеші

С. Сейфуллин атындағы Жетісу облыстық орталық кітапханасында жетісулық жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби шеберлік мектебінің түлегі, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Санжар Сұлтанғазының «Ауыл академиясы» атты поэзиялық кеші жоғары деңгейде өтті.

Шам жарығымен көмкерілген тыныш әрі сырлы атмосферада ұйымдастырылған бұл әдеби кеш поэзиясүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Кеш барысында ақынның «Апа сен болмасаң...» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, әдеби орта өкілдері мен зиялы қауым ізгі тілектерін білдірді.

Шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Марлен Қапашұлы, Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, жазушы Есболат Айдабосын, ақын Жұматай Оспанұлы, сондай-ақ Алматы қаласынан арнайы келген ақын Қуаныш Жазай қатысып, жас ақынға ақ баталары мен ізгі тілектерін білдірді.

Кеш иесі Санжар Сұлтанғазы өз өлеңдерін баяу музыкалық сүйемелдеумен оқып, көрермен жүрегіне жол тапты. Сонымен қатар Жетісулық қаламгерлер қауымы ақын шығармашылығына жоғары бағасын беріп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Поэзиялық кеш барысында ақын жырлары көркем оқылып, «Ақынға сауал» бөлімінде еркін пікір алмасу өрбіді. Әдеби рухты асқақтатқан әсерлі кеш соңында қатысушылар ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсті. «Ауыл академиясы» – ауылдың аңқылдақ мінезін, ананың мейірімін, туған жердің сағынышын жырға қосқан шынайы кеш ретінде есте қалды.