Іс-шара барысында қоғам қайраткерлері, депутаттар, заң саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдері конститутция ел өміріндегі маңызы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі, заң үстемдігі мен қоғамдық тұрақтылық мәселелері жөнінде ой бөлісті. Іс-шараға қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүрген зиялы қауым өкілдері, депутаттар, заң саласының мамандары, мәдениет саласының басшылары, ардагерлер мен ақын-жазушылар қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай шараны ашып, Конституцияның тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізі екенін атап өтті. Ол Ата Заңның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтаудағы айрықша рөліне тоқталып, жиынның маңыздылығын айқындады.
Шара барысында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов сөз сөйлеп, Конституцияның ел дамуы жолындағы стратегиялық маңызына жан-жақты тоқталып, Ата Заңның қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтудағы шешуші рөлін, құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау көрсетіп, бұл бағыттағы партияның бастамалары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жүйелі қолдауын ерекше атап өтті. Жетісу облыстық мәслихат депутаты Асет Серікқалиұлы Қадырманов өз сөзінде Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуы – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаты екенін атап өтті. Ол жергілікті өкілді органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтудің, қабылданатын шешімдердің заң талаптарына толық сәйкес болуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың мүддесін қорғауда заң үстемдігін басшылыққа алу мемлекеттік басқарудың басты басымдығы болып табылатынын жеткізді.
Келесі сөз кезегінде Жетісу облыстық заңгерлер одағының төрағасы Нұрбек Мәлікұлы Құдайбергенов - Конституцияға кәсіби құқықтық талдау жасап, оның әрбір бабы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін, заң үстемдігін нығайтатын негізгі кепіл екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды факторы екенін айтты.
Шараға арнайы қатысқан қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің I және II сайланымдарының депутаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін өз ой пікірлерін ортаға салып, конституция нормаларының қоғам өміріндегі маңызына, заң талаптарын сақтаудың азаматтық жауапкершілік пен ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды. Олар Ата Заң қағидаттарын құрметтеу – тұрақты дамудың және құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізгі алғышарты екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар Конституцияға құрмет – Отанға құрмет екенін атап өтіп, ел бірлігін нығайту, заң үстемдігін сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті деген тұжырымға келді. Дөңгелек үстел мазмұнды пікір алмасуға толы болып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.