«Мұқағали – ғасыр ақыны» атты поэзия сағаты өтті

«Мұқағали – ғасыр ақыны» атты поэзия сағаты өтті

Жетісу облысы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Қазақ зағиптар қоғамы қоғамдық бірлестігінің клубында «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты поэзия сағатын ұйымдастырды.
Кеш барысында ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлемі кеңінен сөз болып, оның қазақ поэзиясындағы дара орны айқындалды.
Әдеби басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Жангелді Немеребай қатысып, жүрекжарды лебізін білдіріп, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, «Қанат қаққанда» кітабының авторы Салтанат Құмархан ақын рухына арнауын арнап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара аясында Мұқағали Мақатаевтың бай шығармашылығын танытатын кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмені кітапханашы Сағынбай Алуа таныстырды.
Сондай-ақ, ақын жырларына негізделген концерттік бағдарлама ұсынылып, кеш мазмұнын көркемдік тұрғыдан толықтырды. Поэзия сағаты жыр сүйер қауымның рухани дүниесін байытып, ұлы ақын мұрасын қастерлеуге арналды.