
Биыл, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Осы орайда, 9 ақпан күні Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында әдеби кеш өткізілді. Әдеби кеш барысында жазушы, аудармашы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы мазмұнды естеліктермен бөлісті. Әдеби кештің көркін енгізіп, мағынасын байытқан М.Мақатаевтың «Алтай-Атырау» поэмасының желісі бойынша өнер көрсеткен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлының шәкірттері, «Жас актер» театрының жеткіншектері қойған қойылым. Оқушылардың жүректен шыққан өлең шумақтары көрермен қауымның да жүрегіне жетіп, көңілін тебірентті. Сонымен қатар, қатысушылар ақын жырларынан үзінділер оқып, өздерінің арнау өлеңдерімен бөлісті. М.Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер шырқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шараға қатысушылар Мұқағали поэзиясының өміршеңдігі мен рухани құндылығы жайлы ой бөлісіп, оның шығармалары бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатынын атап өтті. Ақын жырлары адам жанын тазартатын, рухын көтеретін, ұлттық болмысты айқындайтын асыл мұра екені тағы бір мәрте айқындалды.