«Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Кітапхана after dark: блогермен кездесу» кеші өтті

«Кешкі кітапхана» жобасы аясында  «Кітапхана after dark: блогермен кездесу» кеші өтті

«Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Кітапхана after dark: блогермен кездесу» кеші өтті. Кездесу кешінің құрметті қонақтары ретінде қаламызға танымал блогер, СММ, контентмейкер, мобилограф  Дәулет Талшын, блогер, «Үздік келін» жобасының авторы, келіндер психологы Әлімжанова Арай және блогер, бизнесвумен, инста-блогер, инста-модель, "Өзіңді қайта сүй" реалити жобасының авторы Шадиева Наргиз қатысып, өз өмір жолдары, шығармашылық ізденістері мен кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.           

Шара барысында «Әр блогер — бір хикая» атты еркін форматтағы сұхбат ұйымдастырылып, оқырмандар қонақтарға блог жүргізудің қыр-сыры, жеке бренд қалыптастыру, өзін табу, мотивация мен жауапкершілік жайында көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Блогерлер шынайы әңгіме өрбітіп, өмірлік тәжірибеден туған пайдалы кеңестерімен бөлісіп, жастарға ой салды.

Кештің көркін айшықтаған әсерлі сәттердің бірі — өнер жолына енді ғана қадам басқан жас әнші Алик Дакеевичтің жүрекке жетер әуезді әндері болды. Оның орындауындағы «Жарық түн» мен «Махаббат деген қандайды» әндері көрермен көңілін тербеп, кештің шырайын кіргізе түсті. Әр әуеннен шынайы сезім мен нәзік сыр аңғарылып, залға ерекше жылылық пен рухани әсер сыйлады. Қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында «Автор бол» шығармашылық ойыны мен «Open the Book» хаттар ойыны ойнатылып, оқырмандар өз білімдерін сынап қана қоймай, тапқырлықтары мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсете білді. Белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл күй мен жағымды әсер сыйланды.

 Бұл кеш — кітап пен өнер, заманауи медиа мен адам тағдыры өзара тоғысқан, ой мен сезім үйлесім тапқан мазмұны терең рухани шара болды. Жетісу жастары орталығымен бірлесіп, «Кешкі кітапхана» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл жүздесу оқырмандардың дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, жастарды ізденіске, шығармашылыққа және өз болмысын тануға жетелеген тағылымы мол, мәні айрықша кеш ретінде жадыда сақталды.