
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жетісу облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне арналған, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «Жас буынға өмірлік бағыт» атты іс-шара өткізілді. Шара барысында қыш ыдыстарының шығу тарихы, жасалу ерекшеліктері және қыш ыдыстың адам денсаулығына пайдалы тұстары туралы мазмұнды мәліметтер берілді. Іс-шараға келген оқушылар мәдениет саласының үздігі, қолөнер шебері Тілеш Рымжанұлының практикалық шеберлік сағатын тамашалап, қыш ыдыстардың жасалу үрдісін өз көздерімен көрді. Шеберлік сабақта жасөспірімдерге қолөнер арқылы табандылыққа, шыдамдылыққа және еңбекқорлыққа баулудың маңызы түсіндіріліп, болашақта өз орнын табуға жол көрсетіліп, өмірлік бағыт-бағдар берілді. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер тәжірибелік сабаққа белсене қатысып, өз қолдарымен қыш бұйымдарын жасап көрді.