Тәуелсіздік күніне орай «Егемендік елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» атты тарихи-танымдық кеші өтті

Тәуелсіздік күніне орай «Егемендік елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» атты тарихи-танымдық кеші өтті

С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханада «Егемендік елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» атты тарихи-танымдық кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Көркем академиясының вице-президенті, Жетісулық Желтоқсандықтар қоғамдық қорының төрағасы Жүнісхан Ермұхан, Жетісу ардагері, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ешенов Айдархан, сондай-ақ Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, Қ.Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Букейбаева Толқын Мұсаханқызы және Желтоқсан ардагері Кенжебай Қайрат Кенжебайұлы қатысты.

Кездесу барысында Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар 1986 жылғы тарихи оқиға туралы өз бастарынан өткен жайттарды, күрес пен қуғын-сүргінге толы қиын кезеңдердің естеліктерін бөлісті.

Іс-шарада кітапхана директоры Самал Қанатханқызы Шаяхметова мен ReWomen әйелдер кеңесінің Жетісу облыстық филиалының төрайымы Аздерова Шолпан Меркенқызы Тәуелсіздік құндылығы, елдік бірлік пен рухани жаңғыру жайында жүрекжарды тілектерін жеткізіп, қатысушыларды құттықтады.

Шара аясында «Тарихтағы таңбамыз – Тәуелсіздіктің тағдыры» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, Талдықорған қаласындағы №20 мамандандырылған лицейдің оқушылары Тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдерін оқып, көпшілікке патриоттық рух сыйлады. Тарихи-танымдық сағат қатысушылардың жүрегіне елдік рух дарытып, Тәуелсіздік жолындағы маңызды кезеңдерді қайта жаңғыртқан тағылымды кездесу болды.