Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында қазақтың көрнекті ағартушысы, ақын, жазушы, педагог, қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына арналған «Бақытсыз Жамал» атты романына талқылау өтті. Шара «Қаламы қайсар, рухы өр – Міржақып Дулатов» атты кітап көрмесіне шолудан басталып, оқырмандар арасында Жамал бейнесінің тарихи маңызы мен романда көтерілген әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар роман бойынша ұяшық таңдау арқылы сұрақ-жауап ұйымдастырылды.
Талдықорған қаласы Еңбек ауылындағы №22 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің ұстазы, сөз өнерінің жанашыры Ақбакирова Гүлнар Өмірзаққызы өз пікірін ортаға салды. Кітапханашы Өтеулі Аяна Жамалдың жүрек тебірентер монологын әсерлі түрде оқып берді. Монолог барысында оқушылар сол дәуірдің ауыр тағдырын, қыз баланың еркіндікке деген ұмтылысын, Жамалдың жан айқайын терең сезіне алды.
Талқылау оқушылардың әдеби талғамын дамытып қана қоймай, қазақ әдебиетіне деген құрметін арттырды. Шараға Талдықорған қаласындағы №19, №22, №23 мектептердің 10-сынып оқушылары қатысты.