
Жетісу өнерінің алтын бесігі саналатын Талдықорғанда, Бикен Римова атындағы драма театрда көрермен жүрегін елжіреткен ерекше өнер кеші өтті. Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі, композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлнұр Нұрасылованың “Анамның жаққан ошағы” атты шығармашылық кеші өтті.
Концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кештің музыкалық сүйемелін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі қамтамасыз етті. Ұлттық нақыш пен заманауи үн үйлесім тапқан бұл кеш көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шараның шоқтығын биіктеткен – еліміздің эстрада жұлдыздары болды. Сахна төріне Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Мадина Сәдуақасова, Саят Медеуов сынды танымал әншілер көтеріліп, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл – көрермендерге үлкен сыйлық болды.
Кеш барысында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы сөз сөйлеп, кеш иесіне жүрекжарды тілегін арнады. Ол өңір мәдениетін дамытудағы әншінің еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.
Кеш соңында көрермендер ерекше әсермен тарасты. Бұл кеш — тек өнер мерекесі ғана емес, ананың аялы алақанындай мейірім мен қазақы рухты ұлықтаған рухани кешке айналды.