Жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу, саяси сауатты еліміздің қалаулы азаматтары болып өсуге баулу, мемлекетіміздің қалыптасқан қағидаларына құрметпен қарайтын патриотты жастарды қалыптастыру мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Талдықорған қаласының №20 мамандырылған лицейінің жоғары сынып оқушылары арасында «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» атты ақпарат сағаты ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл подполковнигі Әлібек Ізбасаров қатысып, жастарға сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып, бұл дерттің еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз екенін түсіндірді. Оның ішінде дроптар, лудомания, онлайн-казино, есірткі бизнесі туралы кеңінен тоқталып, бейнероликтер көрстілді.
№20 мамандырылған лицейінің 10 «А» сынып жетекшісі Думан Кунафин және лицейдің кітапхана меңгерушісі Лаура Серікова сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар жастар үшін аса маңызды екенін айтып, жастар елдің болашағы, ал оларды әділдік пен жауапкершілік құндылықтарымен өсуі қоғамның дамуына тікелей әсер етеді, - деп сөзін қорытындылады.
Шара соңында кітапханашы Аяна Өтеулі «Жемқорлық ғасыр дерті» атты кітап көрмесіндегі Асылбек Смағұловтың «Сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес проблемалары», Есберген Алаухановтың «Сыбайлас жемқорлықпен күрес: теория және практика», Сәкен Кемелбековтың «Сыбайлас жемқорлықты қылмыс құрамында көзделген бағалылық белгілері» тағы басқа да әдебиеттермен таныстырды.
Қорытындылай келе, мұндай іс-шаралар жастарға үлкен тәрбие беріп, олардың бойында адалдық пен әділдікке негізделген өмірлік ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.