
1 қараша күні сағат 16:00-де Бикен Римова атындағы драма театрында қазақ сахна өнерінің қос тұлғасы – Қазақстанның халық артисі, «Парасат» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді.
Жер жәннаты – Жетісу өңірінің рухани ордасына айналған театр ұжымы ұйымдастырып отырған бұл кеш қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың өмір жолы мен өнердегі еңбегін ұлықтауға арналмақ.
Мерейтойдың мақсаты – ұлттық сахна өнерінің дамуына зор үлес қосқан майталман тұлғаларды дәріптеу, олардың бай шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жас актерлерге өнеге ету.
Мерейтой иелерінің театр және мәдениет саласындағы еңбегі – ел руханиятының алтын қорына енген ерекше құндылық. Олардың сахнадағы жарқын бейнелері мен ұлт өнеріне сіңірген еңбегі жаңа буын өнерпаздарға шабыт береді.
Жазушы, драматург Дулат Исабеков бұл жөнінде былай деген еді: «Алмахан апай мен Кендебай ағай – қазақ сахнасының қос шырағы. Олар ойнаған әр рөл – жай ғана бейне емес, тұтас дәуірдің үні, халықтың жаны мен мінезі. Екеуінің сахнадағы үйлесімі, кәсіби шеберлігі мен өмірлік ұстанымы – өнерге адалдықтың айқын үлгісі. Осындай тұлғалардың арқасында қазақ театры биікке көтерілді, көрермен жүрегінде мәңгі орын алды. Өнерде табандылық пен тазалық болмаса, шынайылық тумайды. Ал Алмахан мен Кендебайдың өмір жолына қарасаңыз – осы екі ұғымның мәнін анық түсінесіз. Олар – сахна мәдениетінің мектебі, ұлт руханиятының тірі шежіресі».
«Өнерде – 50, Өмірде – 75» атты мерейтойлық кеш – ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың еңбегіне тағзым етер ерекше рухани оқиға болмақ.
Өтетін орны: Талдықорған қаласы, Бикен Римова атындағы драма театры
Басталу уақыты: 1 қараша, сағат 16:00
Қосымша ақпаратты келесі байланыс телефоны арқылы алуға болады: Әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Айғаным Айтмұхан 8(707) 290 50 03