Талдықорған төрінде ұлттық өнер салтанат құрды!

Талдықорған төрінде ұлттық өнер салтанат құрды!

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында ұлттық өнерімізді ұлықтаған, рухани мазмұны терең мәдени кеш өтті. Бұл ерекше концерт көрермендерге өнер мен шеберліктің, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді көрінісін тарту етті.

Сахна төрінде Қазақстанның халық әртісі, дәстүрлі әннің дарабозы Рамазан Стамғазының орындауындағы ұлттық туындылар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Сонымен қатар сахна төріне көтерілген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұржан Жанпейісов. Ол қазақ ән өнерінің бай мұрасын, дәстүрлі мектептің терең иірімдерін бүгінгі тыңдарманға жаңа леппен жеткізе білді.

Кештің музыкалық көркемдік деңгейін көтеріп, әуезді үнмен тербеткен – Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі. Оркестр әрбір шығарманы кәсіби шеберлікпен, үйлесімді орындап, ұлттық саз өнерінің шынайы бейнесін ашып көрсетті.

Бұл кеш – Жетісу жұртшылығы үшін ұмытылмас әсер қалдырған рухани оқиғаға айналды. Ұлттық өнеріміздің мәртебесін көтеріп, дәстүр мен тарихқа тағзым еткен бұл шара, тыңдарман жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.