«Әбіш әлемі – руханияттың биік шыңы» тұлғатану сағаты өтті

«Әбіш әлемі – руханияттың биік шыңы» тұлғатану сағаты өтті

Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында әдебиеттанушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 86 жылдығына орай «Әбіш әлемі – руханияттың биік шыңы» атты тұлғатану сағаты өтті.

Шараның мақсаты – ұлт руханиятының асқар шыңына айналған Әбіш Кекілбаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстыру, оның елдік пен бірлік, адамгершілік пен туған жерге сүйіспеншілік жайлы жазған тағылымды туындыларын насихаттау болды.

Шараның басы «Әбіш әлемі – мәңгілік мұра» атты бейнесюжетпен ашылып, жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертілді. Іс-шараға №1 орта мектеп-гимназиясының оқушылары мен Талдықорған қаласындағы Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жомартова Алтын Қожаханқызы қатысты. Алтын Қожаханқызы өз сөзінде қаламгердің рухани мұрасы – елдік сананы биіктететін асыл қазына екенін атап өтіп, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп, жұртшылықты ынтымақ пен татулыққа үндеді.

Шара барысында оқырмандар Әбіш Кекілбаевтың шығармаларымен кеңінен танысып, кітапханашы Жанар Дулыханова «Әбіш Кекілбаев: Ұлт мұратын ұлықтаған қаламгер» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Бұл тағылымды басқосу – қаламгердің мәңгілік мұрасын дәріптеп, ұрпақ санасына ұлт руханиятының биік үлгісін сіңіруге бағытталған рухани азыққа толы маңызды шара болды.