Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толуына орай «Тарихтың алтын беттері» атты ақпарат сағаты өтті.
Тарих тереңіне бойлатқан бұл мазмұнды шарада оқушылар рухани азық алып, ата-бабаларымыздың елдік жолдағы ерлігі мен даналығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Шара барысында «Ұлы дала елінің ұлы тарихы» атты танымдық видеоролик көрсетіліп, оқырмандарды Қазақ хандығының негізі қаланған тарихи кезеңдерге терең бойлатты.
Кітапханашы Сағынбек Ақерке «Ұлы хандықтың 560 жылы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, көрме сөрелеріндегі тарихи еңбектер мен зерттеу материалдарына кеңінен тоқталды. Оқушылар қызығушылықпен тыңдап, ұлтымыздың шежірелі жолын паш ететін кітаптармен танысты. Сонымен қатар шараның мазмұнын байыта түскен тағы бір сәт – қазақ хандығына байланысты ұйымдастырылған танымдық викторина болды. Сұрақтар арқылы оқушылар өз білімдерін сынға салып, тарихи деректерді еске түсірді.
Арнайы шақырылған қонағымыз тарихшы Мәжікен Жүнісов тағылымға толы мазмұнды баяндама жасап, қазақ хандығының құрылуындағы маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғалардың рөлін тереңінен ашып көрсетті. Оның сөзі жастарға патриоттық рух беріп, тарихқа деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды.
Шараға Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары белсенді қатысып, ұлттық сана мен тарихи жадыны қалыптастыруға бағытталған бұл басқосу олар үшін ерекше әсерлі әрі танымды болды.