«Kitap Time – 2025» ІV жалпы республикалық кітап фестивалі өтті

«Kitap Time – 2025» ІV жалпы республикалық кітап фестивалі өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен республика көлемінде ұйымдастырылған «Kitap Time – 2025» ІV жалпы республикалық кітап фестивалі аясында мазмұнға бай руханияты терең мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Әдебиет әлеміне жол ашқан бұл рухани мерекеде қонақтарды қазақ сөз өнерінің інжу-маржандарын қамтыған «Оқуға тиіс 100 қазына» атты кең көлемді кітап көрмесі қарсы алды. Ұлттық әдебиеттің алтын арқауын танытқан бұл көрме көпшілікті терең ойға жетелеп, кітап оқуға деген құлшынысын арттыра түсті. Шараның шымылдығы «Кітапханаға кел» атты әсерлі әнмен ашылып, жиынға мерекелік  көңіл күй сыйлады.

Жетісу облысы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Қанатханқызы Шаяхметова алғашқы болып сөз сөйлеп, жастарды кітаппен дос болуға, әдебиеттен рухани нәр алуға шақырды.

Мерекеге ерекше сән берген – Мұқағали Мақатаев атындағы поэтикалық жасөспірімдер театрының өнерпаздары болды. Олар ұлы Абай Құнанбайұлының терең ойлы өлеңдерін, Мұқағали Мақатаевтың сыршыл жырларын, Ілияс Жансүгіровтің өткір поэзиясын жүрекпен оқып, көрерменді тебірентті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ұсынған «Кейіпкерлер үн қатады» атты сахналық көрініс көрерменді әдеби кейіпкерлер әлеміне жетеледі.

Іс-шара аясында жазушы, тарихшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәди Шәкенұлының «Қан кешкен ханзадалар» атты тарихи туындысының тұсауы кесілді.   Тарих пен тағдырды сабақтастыра отырып, ел жадын жаңғыртатын бұл туынды – жас ұрпақ үшін тағылымы мол рухани олжа ретінде бағаланды.

Мерекелік жиынға абайтанушы, философия ғылымының докторы, теолог Досым Қайырбекұлы Омаров, жазушы Жәди Шәкенұлы, көрнекті шоқантанушы Бағдат Ақылбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы, ақын Жұматай Оспанұлы және Жетісу өңірінің қаламгерлері, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кітапхана фойесінде келушілерге арналып түрлі мазмұндағы көрмелер – баспалар ұсынған кітап жәрмеңкесі, заманауи «Роботтар әлемі» робототехника көрмесі мен ұлттық нақыштағы «Қолөнер – сырлы өнер» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Шара соңында әдебиеттің дамуына қосқан үлестері үшін Кендебай Темірбайұлы мен Жәди Шәкенұлы және робототехник үйірмесінің жетекшісі Айгүл Сыдыковаға, қолөнер үйірмесінің жетекшісі Айнұр Ақтоқаловаға  кітапхана басшысының алғыс хатымен марапатталды. Бұл – әдебиетке деген құрметтің, руханиятқа берілген бағаның бір көрінісі еді.