Б.Римова театры 50-ші маусымын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымымен ашты

Б.Римова театры 50-ші маусымын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымымен ашты

Қазақ халық поэзиясының асыл жауһары, ғасырлар қойнауынан жеткен мәңгілік махаббат жыры – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы жарты ғасырдан соң қайтадан сахна төріне оралды. Қойылымның қоюшы-режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқов. Композитор – Гүлнұр Нұрасыл, Музыкамен көркемдеген: Арнай Азанбаев, Сазды өңдеуші – Медет Есбергенов, Балетмейстер – «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Салтанат Сұңғат, Сахна шайқасын қоюшы – Ернар Мекебаев.

Түркі дүниесіне ортақ рухани қазына болып саналатын бұл туынды алғаш рет театрдың іргетасы қаланған кезеңде көрерменге жол тартқан еді. Енді, міне, уақыт пен кеңістіктің сынағынан сүрінбей өткен Қозы мен Баянның тағдырлы махаббат тарихы бүгінгі ұрпаққа тағы бір мәрте сыр шертті.

Махаббат пен адалдықтың символына айналған қойылымда риясыз сезім, достық пен шынайылық, қатігездік пен қастандық сияқты адамдық қасиеттер терең бейнеленген. Шығарманың идеялық өзегі – сол дәуір жастарының  сүйіспеншілікке  адалдықпен қол жеткізуге деген арман-мұраты.

Жаңа қойылымда ұлттық болмыс пен эпикалық драматургияның өзара үндестігі сақталып, классикалық туындының бүгінгі көрерменмен рухани сабақтастығы жаңаша қырынан ашылды.

Қойылымның соңында әртістерге ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің ықылас гүлі, ҚР Парламент Сенаты депутаттарының Ықылас гүлі, Жетісу облысы әкімінің Ықылас гүлі табысталды.