2025 жылдың тамыз айында Мысыр Араб Республикасының астанасы – Каир қаласында дәстүрлі Халықаралық XXXIII «Цитадель» музыка және ән орындау фестивалі жоғары деңгейде өтті. Бұл фестиваль – араб елдеріндегі ең ауқымды мәдени шаралардың бірі болып саналады. Шара әйгілі Салах ад-Дин Цитаделі аумағында өтті және жыл сайын 30-дан астам елден келген өнер ұжымдарын, вокалистер мен музыканттарды біріктіреді.
Каир қаласына барған Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының өнерпаздарын Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігі жылы қарсы алды.
Филармония директоры Жексенбаев Самат Жанғазыұлы ұжымды таныстырып, Қазақстан елшісі Асқар Жеңісұлына шын жүректен алғысын білдірді.
Бұл – екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақ өнерін халықаралық деңгейде паш еткен маңызды кездесу болды.
Осы беделді халықаралық сахнада Жетісу облысының атынан Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының өнерпаздары қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерін шет елдік көрерменге паш етті. Домбыра үні, сырлы әуен мен ұлттық би фестивальдің көркін қыздырып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Филармония ұжымы ұлттық музыканың бай мұрасын насихаттай отырып, Қазақстанның мәдени бренді ретінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Көрермендер қазақ музыкасының ерекшелігіне, орындаушылық шеберлікке тәнті болды.
Фестиваль аясында ерекше тағылымды сәттердің бірі – филармония ұжымы мен Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігі бірлесіп, қазақ халқының Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Бұл халықаралық қатысу – тек концерт емес, Жетісу мәдениетінің жаһандық кеңістікке шығуының бір көрінісі. Өнер – достықтың көпірі, халықтардың рухани үндестігі екенін тағы да дәлелдеді.