Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Қаракерей Қабанбай батыр 330 жылдығына арналған «Дарабоз батыр – Қаракерей Қабанбай» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл құнды еңбек – батыр бабамыздың ерлікке толы өмір жолын жан-жақты танытатын, ел бірлігі мен ұлттық рухтың символына айналған тарихи-танымдық туынды. Кітап – ұлт жадын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі болатын асыл мұра.
Шараға Жетісу облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым және айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен оқырман жұртшылық қатысты.
Рухани мұраны кеңінен насихаттауға ниет білдіріп, кітаптың жарық көруіне зор үлес қосқан жинақ құрастырушысы Қалажанов Мақсұт Болатұлы өз тарапынан ел болашағы – жастарға үлгі болсын деген ізгі ниетпен 100 дана кітапты кітапхана қорына сыйға тарту етті. Бұл — ұлт руханиятына қосылған үлкен үлес, мәрттіктің, парасат пен пайымның айғағы.