Айтыскер-ақын Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Айтыс өнерінің ақиығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды

Айтыскер-ақын Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Айтыс өнерінің ақиығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды

Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының қызметкері Айнұр Иманбаева қаламыздағы №18 орта мектеп оқушыларына айтыскер ақын Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдық мерейтойына арналған «Айтыс өнерінің ақиығы» атты кітап көрмесін таныстырды.Бақтыбай Жолбарысұлы – Жетісу өңіріндегі поэзия мектебінің көрнекті өкілі. Ол 1842 жылдың маусым айында дүниеге келген. Жеті жасында жетім қалып, біраз жыл Балқаш, Сексеуіл, Шұрық маңындағы нағашыларының қолында тәрбиеленеді. Кейін елге оралып, ауқатты туыстарының малын бағып күн көреді. Ерте жастан-ақ өлеңге бейімділігін танытып, жиын-тойларда суырыпсалма ақын ретінде көзге түсе бастайды. Ақыры, бойындағы табиғи таланты оны жалшылықтан құтқарып, өнер жолына түсуге жетелейді.

Ақынның аты Жетісу жұртына кеңінен таралуына себеп болған — атақты Тезек төремен болған айтысы. Төренің абыройынан именбей, оның әлсіздерге көрсеткен озбырлығын батыл әшкерелейді. Бақтыбай ақын шығармаларында әділетсіз би-болыстарды, байлардың озбырлығын сынаған өткір өлеңдері мен айтыстары молынан кездеседі. Оның ақындық өрнегі шындық пен әділет жолындағы күреспен сабақтасып жатады.

Кітап көрмесінде Тұрсын Әбдуәлиевтің «Бақтыбай ақын» атты І және ІІ томдық романы, жазушы Ораз Исмаиловтың «Дүбірлі туған дүлдүлім» кітабы, «Бақтыбай» атты ғылыми зерттеулер, «Бақтыбай Жолбарысұлы» шығармалары, Тұрсын Әбдуәли мен Сәбит Биболовтың «Наркескен» қос томдығы, сондай-ақ Бақтыбай Жолбарысұлының өлеңдер мен айтыстар жинағы «Жел қобыз» қойылды.

Іс-шара барысында оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, көрмеге қойылған әдебиеттермен танысып, ақын шығармашылығы жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды.