Облыстық кітапханада Орақты Әлшағырұлының 605 жылдығына орай конференция өтті

Облыстық кітапханада Орақты Әлшағырұлының 605 жылдығына орай конференция өтті

Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен батыр баба Орақты Әлшағырұлының туғанына 605 жыл толуына орай «Ұрпағына ұран болған – Орақты батыр» атты облыстық конференция өтті.

Қазақстан тарихында ел тәуелсіздігі жолында күрескен батырлардың орны ерекше. Солардың бірі – Орақты батыр Әлшағырұлы. Ол 1420 жылы Қазақстанның оңтүстік аймағында дүниеге келген және шамамен 40 жыл басқарған Әбілқайыр ханның бас қолбасшыларының бірі болған. Ол тек әскери қолбасшы ғана емес, елді бірлікке үндеген, әділеттілікті ту еткен ұлы тұлға.

Облыстық конференцияға Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, қаламгер Наурыз Қылышбаев, Қазақстанның құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ғалым, түркітанушы, қаламгер Зәріпбай Оразбай, «Жалайыр Орақты батыр» қоғамдық қорының төрағасы Болысбай Момбаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әли Ысқабай, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым, тарихшы-өлкетанушы Құлтай Нұрқалбаев, Орақты бабаның ұрпақтары және жетісулық ақын-жазушылар, журналистер қатысты.

Іс-шара барысында Орақты батырдың өмірі мен ел қорғаудағы ерлігі жайында бейнеролик көрсетіліп, батыр жайлы деректер, аңыз әңгімелер, батырлар династиясы туралы баяндамалар тыңдалып, құнды пікірлер мен келелі ойларды ортаға салды. Орақты бабаның ұрпақтары жас ұрпақты бабалар ерлігі рухында тәрбиелеу жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Шара соңында Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы  филармониясының дәстүрлі әншілері Құралай Шаяхметова мен Эльмира Дәуренбекова дәстүрлі әндерін орындап, өз өнерлерін тарту етті.