Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Егемен елдің мәңгілік символы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Абай атындағы №1 орта мектептің 5 сынып оқушылары мен жетекшісі мемлекеттік әнұранымызды орындап, еліміздің рәміздеріне деген құрметтерін көрсетті. Мемлекеттік рәміздер туралы қысқаша ақпарат беріліп, олардың тарихы мен маңыздылығы жайлы айтылды.
Сондай-ақ, кітапханашы Айым Жұмабекова Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектебіне арнайы барып, «Егемен елдің мәңгілік символы» атты ашық аспан астындағы жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырып, көрмеде ұсынылған әдебиеттермен оқушыларды таныстырды. Көрмеге Қазақстан Республикасының рәміздеріне арналған кітаптар, буклеттер, суреттер және танымдық материалдар қойылды.
Шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді ояту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары ретінде рәміздердің маңызын ұғындыру болды. Көрмеде Ту, Елтаңба, Әнұран сынды мемлекеттік рәміздердің тарихы мен қабылдану кезеңдері, авторлары туралы деректер ұсынылды. Сонымен қатар, рәміздердің рухани, тарихи, тәрбиелік маңызы жайлы материалдар, ғылыми-танымдық еңбектер, естеліктер мен фотосуреттер топтастырылды.
Шара барысында оқушылар Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сәттерді еске түсіріп, ел дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы мағлұматтармен танысты. Кітаптар арқылы егемен еліміздің жетістіктері, мемлекеттік идеология, ұлттық болмыс пен сана туралы түсініктері кеңейді. Сондай-ақ, патриоттық тақырыптағы әдеби шығармалар да көпшілік назарына ұсынылды.