30 мамыр күні 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Өзекті өртер шындық» атты тарихи сағат өткізілді. Іс-шара Жетісу облысы Сәкен Сейфуллин атындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана бөлімінің кітапханашыларының ұйымдастыруымен Қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің клубында өтті.
Шара барысында қатысушыларға кітапханашы Айнаш Райқұлқызы 1930–1950 жылдар аралығындағы жаппай қуғын-сүргіннің себеп-салдары, жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларының тағдыры туралы тарихи деректер ұсынды. Ашаршылық жылдарындағы халық басынан өткерген ауыр жағдайлар, соның ішінде миллиондаған адамның қаза табуы мен босқыншылыққа ұшырауы туралы нақты мәліметтер келтірілді.
Қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбына арналған әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылып, Алаш арыстары мен сол кезеңнің құрбандары туралы шығармалар таныстырылды.
Шара соңында қатысушылар бір минут үнсіздік жариялап, жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етті. Жиналғандар өз ойларымен бөлісіп, ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді ұмытпай, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.