Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының концерт залында әнші Асылбек Тойлыбаевты еске алуға арналған “Аққан жұлдыз” атты кеш өтті.
Кеш барысында өнер иесінің шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетіліп, оның орындауындағы танымал әндер шырқалды. Сонымен қатар, “Әлі де саған ғашықпын”, «Сезім сеңгірі”, “Жетісудың қыздары-ай”, “Жан қарындасым”, “Асыл менің жеңешем”, “Сен жаным”, “Сұлу қыздар” сынды әндер орындалды.
Асылбек Тойлыбаев 1981 жылы дүниеге келген. Ол Жетісу өңірінің белгілі әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты болды. Талдықорған қаласындағы музыка-өнер мектебінің ұстазы, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының солисті ретінде еңбек етті. Өкінішке орай, 2020 жылы 39 жасында өмірден озды.
Кешке келген көрермендер мен әріптестері әншінің өнеріне деген құрметтерін білдіріп, оның жарқын бейнесін еске алды. “Аққан жұлдыз” кеші Асылбек Тойлыбаевтың шығармашылығын ұлықтап, оның өнерін болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды шара болды.