
Көрермендерге қазақ эпосының асыл інжу-маржаны және мәңгілік махаббат туралы аңызға айналған дастан – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы ұсынылады. Спектакльдің режиссер-қоюшысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқов. Композиторы – Гүлнұр Нұрасыл, музыкалық безендіру – Арнай Азанбаев, аранжировкалаушы – Медет Есбергенов, балетмейстер – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Салтанат Сұңғат, сахналық ұрыс қоюшысы – Ернар Мекебаев.
Түркі әлемінің ортақ рухани мұрасы болып табылатын бұл туынды театрдың іргесі қаланған кезеңде-ақ көрермен назарына алғаш рет ұсынылған еді. Міне, енді уақыт пен кеңістік сынынан абыроймен өткен Қозы мен Баянның тағдырлы махаббат хикаясы қазіргі ұрпаққа өз дастанын қайта баяндайды.
Махаббат пен адалдықтың символына айналған қойылымда сезім шынайылығы, шынайы достық, берілгендік, сондай-ақ қатыгездік пен зұлымдық сияқты адами қасиеттер терең бейнеленген. Шығарманың идеялық өзегі – сол дәуір жастарының өз махаббатына адалдық арқылы бақытқа жету арманы мен ұмтылысы.
Ұлттық рух пен эпикалық драматургия үйлесімін сақтай отырып, классикалық туынды жаңа қырынан ашылып, қазіргі көрерменмен рухани сабақтастық орнатады.