Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Елді мекендердің бас жоспарлары олардың аумағын аймақтарға бөлуді, жоспарлау құрылымын және функционалдық ұйымдастыруды, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар, көгалдандыру және абаттандыру жүйесін белгілейтін, қаланың, кенттің, ауылдың не басқа да қоныстың дамуын кешенді жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекітілген Бас схемасына және өңірлердің қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасына сәйкес әзірленетін негізгі қала құрылысы құжаты болып табылады.
Бас жоспарда:
1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды және байланыс желілерін орналастыруды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары;
2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу;
3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;
4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар;
5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шаралар;
5-1) кешенді көлік схемасын, көше-жол желісінің бас схемасын және жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын қамтитын бас жоспардың көліктік бөлімін әзірлеу жөніндегі негізгі бағыттар;
6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгіленедi.
Бас жоспар елді мекеннің аумақтарын жоспарлауға кешенді көзқарасты қамтамасыз ету мақсатында әзірленеді. Әртүрлі функционалдық мақсаттағы аймақтардың шекаралары қызыл сызықтарды, табиғи объектілердің табиғи шекараларын және жер учаскелерінің шекараларын ескере отырып белгіленеді.
Бас жоспар халық саны мен жұмыспен қамтылуының өсу болжамын анықтау, жобаланатын аумақтағы инвестициялық үдерістерді перспективалық жоспарлау, қаланың аумақтық дамуының ұзақ мерзімді перспективаларын, қаланың аумақтық дамуының бағыттарын, жоспарлау құрылымын қалыптастыру, аумақты, коммуналдық объектілерді қалалық аймақтарға бөлу, көлік қызметін ұйымдастыру, инженерлік жабдықтар жүйесін дамыту, аумақты инженерлік дайындау және абаттандыру, аумақты қауіпті табиғи және техногендік әсерлерден қорғау процестер, табиғи ортаны және тарихи-мәдени мұраны қорғауды анықтау мақсатында әзірленеді.
Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекiтiлгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде енгiзiлген өзгерiстер бекiтiлгенге дейiн қолданылады.