Бүгін ауданымызда адамзат тарихындағы ең ұлы жеңістердің бірі — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы ерекше құрметпен аталып өтті.
1941 жылы басталып, төрт жылға созылған алапат соғыста Кеңес Одағы құрамындағы халықтармен бірге қазақстандық жауынгерлер, соның ішінде Алакөл өңірінің ұл-қыздары да майдан шебінде жауға қарсы жан аямай шайқасты. Қан майданда көрсеткен ерлік пен батырлық, тылдағы табандылық пен төзім — бүгінгі бейбіт өмірдің негізі болып қаланды.
Осыған орай, Үшарал қаласындағы Д. Қонаев атындағы орталық алаңда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды еске алу шарасы өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне және көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың монументіне гүл шоқтары қойылып, мәңгілік алауға тағзым жасалды.
Жиналған көпшілік майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті. Бұл – Отан үшін от кешкендердің есімін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетудің бір көрінісі.
Шарада аудан әкімі А.Абдинов аудан тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, елдің ертеңі үшін аянбай тер төккен жандарға өз алғысын білдірді. Ардагерлердің жанқияр ерлігіне бас ию – біздің перзенттік парызымыз әрі азаматтық борышымыз екені жиын барысында ерекше аталып өтті.
Мерекелік шара аясында салтанатты әскери шеру де ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына ел қорғаны болған сарбаздардың саптық дайындығы мен патриоттық рухы паш етілді. Шеруге ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы, Тәжік-Ауған, Чернобыль соғысының ардагерлері, жас ұландар қатысты.