Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Отан қорғаушылар күні аталып өтті

7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл күн – ерлік пен батырлықтың, нағыз отаншылдықтың белгісі. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Содан бері 7 мамыр – еліміздің Тәуелсіздігін, тыныштығын, бейбіт өмірін күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілетін күнге айналды.

Д.Қонаев атындағы орталық алаңда мерекеге орай “Әскер - тәуелсіздік тірегі, ел қорғаны” атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада аудан әкімі А.Абдинов тыл еңбеккерлері мен әскери сала ардагерлерін, офицерлер мен сарбаздарын мерекемен құттықтай отырып, Отанға деген берік сенім мен еңбектері үшін өз ықыласын білдірді. Сондай-ақ, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім қалыптастыру жолындағы қалтқысыз еңбегі мен Отан алдындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметкерлерге Құрмет грамотасы мен алғыс хатпен марапаттады.

Аудан басшысы мерекелік шара аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауданымыздағы көпшілік шараға келген тыл ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К Тоқаевтың “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” мерекелік медалін табыстады.

Алакөл ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Р.Қуатов ізгі тілегін жеткізе отырып, жиналған қауымға ақ батасын берді.

Әскери мерекелік шарада аудан тұрғындарына ҚР Шекара қызметі, Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының Кәсіптік және техникалық дайындық бөлімінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыс әдістерін және Арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар бөлімінің барлаушылары қызметтік иттер нұсқаушысы “СФИК” есімді қызметтік итімен Мемлекеттік шекара ұстау көрінісін халық назарына ұсынды.

Жиында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенттің қатысуымен өткен бас әскери шерудің тікелей эфирін алакөлдіктер орталық алаңдағы LED экран арқылы тамашалады.