Аудан басшысының жеке қабылдауы өтті
Үшарал қаласындағы азаматтарды қабылдау орталығында аудан әкімі А. Абдиновтың аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдауы өтті.
Аудан басшысының қабылдауына келген тұрғындардың басым көпшілігінің өтініштері тұрғын үй кезегі, туризм саласы және жер мәселесіне қатысты болды.
Қабылдауда жиі көтерілгені – тұрғын үй қорынан баспана алу мәселесі. Осы сұрақпен жүгінген азаматтардың барлығына қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде баспана белгіленген тәртіппен және кезек ретімен берілетіндігі түсіндірілді.
Жалпы аудан әкімінің қабылдауына 10 азамат келді. Қабылдауда көтерілген барлық сауалдарға нақты жауаптар берілді. Кейбір сұрақтар бойынша өңір басшысы құзырлы мемлекеттік мекеме басшылары мен округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жедел шешімін қажет ететін өткір мәселелерді аудан әкімі өзінің ерекше бақылауына алды.