ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Ағымдағы жылдың 22 қазан-3 қараша күндері аралығында Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан жастар арасында әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңіске жетіп, 1 орынды иеленді.
Бокстан әлем біріншілігінде Алакөл ауданы, Көлбай ауылының тумасы Аружан Зейнуллаева 81 келі салмақта 5:0 есеппен Ресей және 4:1 есеппен Польша боксшыларын қапы қалдырып ақтық сынға өтті.
Финалда өзбекстандық Рухшон Парпиевамен жұдырықтасып, 5:0 есепте айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жерлесіміз Аружан Зейнуллаева Қазақстан қоржынына үш алтын медаль салып, «Әлем чемпионы» атанды.
Аружанды маңдай терімен, рухтың күшімен жарысқа тыңғылықты дайындаған бапкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.
Еліміздің абыройын биікке асқақтатқан Аружан Зейнуллаеваның жеңісі барша қазақстандықтар оның ішінде, алакөлдіктер үшін үлкен қуаныш. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады.
Әлем чемпионын жарқын жеңісімен құттықтай отырып, қажымас қайрат, табандылық, деніңізге саулық, жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Еліміздің көк туын көк аспанда мәңгілікке желбірете беруіне тілектеспіз!