БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ақ айдынды Алакөл ауданында қарқынды түрде жалғасып жатыр. Экоакцияның әр аптасы арнайы тақырыптарға негізделген.
«Жасыл аймақ» атауымен жалғасқан үшінші аптасында саябақтар, парктер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
Осыған орай, Алакөл ауданының әкімі А. Абдиновпен бірге аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері Қабанбай батыр көшесінде орналасқан аллеяға ағаш көшеттерін отырғызып, акцияға бір ауыздан үн қосты.
Игі шара барысында Алакөл ауданы әкімшілігі 20 түп қарағай ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың жасыл желекке айналуына атсалысты.
Жалпы, Үшарал қаласындағы М. Дулепов пен Қабанбай батыр көшелерінің бойында орналасқан аллеяларға Үшарал қалалық округі әкімі аппараты, «Алакөл Жылу» мекемесі мен бөлім, мекеме ұжымдары да жұмыла кірісіп, 50 түп әр түрлі ағаш көшеттері мен 110 түп гүлді бұта ағаштарын(кустарник) отырғызып, суғарды.
#тазақазақстан