ЖАҚСЫЛЫҚПЕН КЕЛ, ЖАҢА ЖЫЛ-2024!

ЖАҚСЫЛЫҚПЕН КЕЛ, ЖАҢА ЖЫЛ-2024!

ЖАҚСЫЛЫҚПЕН КЕЛ, ЖАҢА ЖЫЛ-2024!

Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді мерекелердің бірі. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды. Осынау мерейлі мереке қарсаңында қол жеткізген табыстарымызды үлкен мақтанышпен айта аламыз.

Осыған орай, бүгін жылдағы дәстүр бойынша «Үшарал» мейрамханасында аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған «Жасыл шырша жанында-2024» атты мерекелік іс- шарасы өтті.

Шараның мақсаты- балаларымызды ғажайып әлемге саяхат құрғызып, жаңа жылдық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

Мерекеге көпбалалы отбасының, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жағдайы төмен және ерекше күтімді қажет ететін 100 бала қатысты.

Сәбилерді ықыласына бөлеп, қуаныштарын көбейтіп, әдемі мерекелік кеш сыйлаған аудан әкімі А. Абдинов жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, мемлекетіміздің абыройлы азаматы болуларына тілектес екенін жеткізді.

Жоғары деңгейде өткен кеште ғажайыпқа толы қойылымдар қойылып, мектеп оқушылары, балалар шығармашылық орталығы мен аудан өнерпаздарының ән шашуы мен билері мерекелік думанды жандандыра түсті. Балаларға кеңінен таныс ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, балаларға әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Одан бөлек, балғын балақайлар өз өнерлерін көрсетіп, Аяз атаның тәтті сыйлығына кенелді. Ескі қоян жылын ризашылықпен шығарып салған балалар ұлу жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. 

Жаңа жылдық кештің соңына әлеуметтік көмекті қажет ететін балаларға арнайы қыстық киімдер мен тәтті сыйлықтар тарту етілді.