Адам негізінен мұражайларда тарихпен табысу, ата-бабалармен үндесу, халқының жүріп өткен жолына көз жіберу үшін, тіпті өзін іздеуге, уақыт пен ұрпақ байланысын сезіну үшін барады десек қателеспейміз. Жетісу облысы Алакөл ауданы Лепсі ауылында орналасқан Лепсі тарихи мұражайы да - тарихқа сапар шектіретін ерекше орынның бірі. Өткен жылы меценаттардың көмегімен ашылған музейге қызығушылық танытқандар арасында жергілікті тұрғындар ғана емес, Германия, АҚШ, Ресей және ТМД-ның басқа елдерінен келген туристер де көп. Жыл басынан бері мұнда 2 мыңға жуық адам келген. Шағын мұражайдың мұндай танымалдыққа ие болуына ғылыми қызметкер, Лепсі мұражайының негізін қалаушылардың бірі Мухарам Хайбулиннің сіңірген еңбегі зор. Оның келушілерге туған өлкенің тарихын бар ынта-шынтасымен баяндап, қарапайым әрі қызықты етіп жеткізетін шеберлігі ерекше. Бүгінде Лепсі мұражайында 1500-ге жуық түрлі экспонат тұр. Біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырларда өсірілген көне дақылдар мен Түркі қағанаты дәуіріндегі балбал тас, 1949 жылғы патефон да осында сақтаулы, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
МАҢЫЗЫ ЕРЕК МЕКТЕП МҰРЖАЙЫ
Мұхарам Хайбуллин Сарқан ауданы Антоновка ауылында (қазіргі Қойлық ауылы) дүниеге келді, Лепсідегі мектепті бітіріп, Талдықорған педагогикалық институтының (қазіргі І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті) алғашқы түлектерінің бірі болды. Қабанбай ауылындағы мектепте 7 жыл жұмыс істеді, кейін Лепсі мектебінің директоры болып тағайындалып, тарих пәнінен сабақ берді. Сөйтіп сол уақыттан бері тарихи жәдігерлерге деген қызуғушылығы артпаса кеміген жоқ.
Мектеп мұражайына жиналған экспозицияның көлемі шағын мектептің ауқымынан әлдеқашан асып кеткен болатын. Сол кезде белгілі меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспанов көмек қолын созды. Ол ауылда жаңа мешіт тұрғызып, бұрынғы ғимарат бос қалған еді. Мектеп мұражайын көрген меценат оның іргесін кеңейту керек екен деп мешіттің бұрынғы ғимаратын жөндетуге қаржы бөліпті. Басқа кәсіпкерлер де, депутаттар да қолдау көрсеткен. Өткен жылы музей салтанатты түрде ашылды. Сонымен, Лепсідегі жанашыр адамдардың күш-жігерімен музей жаңа қонысқа орнықты.
Жалпы мектеп мұражайын жасақтауға мұғалімдер Ришат Тоқпаев, Анна Щербакова, Елена Сушкова, Александр Скребцов, Раиса Власова, Иван Пилипенков, Мансур Бахтгузин, сол сияқты оқушылардың өздері де үлес қосты. Жергілікті тұрғындар жаңа мұражай қорына көне заттарды тегін әкеліп берді, соның арқасында экспонаттар қатары толықты. М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері де үлкен көмек көрсетті, қазір Лепсі тарихи мұражайы оның филиалына айналған.
Көркем безендіру жұмыстарын «Заман-Ту» ЖШС ұжымымен бірге белгілі мүсінші, академик Шамил Қожаханов жүргізді. Қазіргі уақытта мұражай штатында 10 қызметкер жұмыс істейді.
БӘРІ БАЛБАЛ ТАСТАН БАСТАЛДЫ
Қазір мұражайда құрметті орынға қойылған балбал тас өткен жылға дейін Мұхарам Минтайұлының үйінде тұрған, ол тастың тарихи құндылығын түсініп, оны музейге әкеліп қойды.
- 1989 жылы мен комбайн жүргіздім. Алқап басында бір үлкен тас техниканың жүруіне кедергі келтірді. Оны бәріміз жабылып алып тастайық дедік. Көзім бірден тастың формасына түсіп, қызығушылығым артты. Тасты көтергенде оны ежелгі түркі мүсіні - балбал деп шамаладық. Сондықтан оны далаға тастамай, үйге әкеліп қойдым. Өткен жылы мұражай ашылған кезде ол біздің экспозицияның ортасынан ойып тұрып орын алды. Бұл - VII-VIII ғасырлардың жәдігері. Осындағы Көктөбе тауының төменгі етегінен табылған, - дейді Мұхарам Хайбуллин.
Мухаррам Минтайұлының ғылыми қызығушылығының арқасында мұражайға әкелінген экспонат бір бұл ғана емес. Экспозицияның көп бөлігін ол педагогикалық қызметте жүргенде ондаған жылдар бойы жинақтап, К.Ушинский орта мектебінің мұражайында сақтапты.
Музейде тағы бір ерекше жәдігер бар. Ол – күш-қайратын шынықтыру үшін қазақ палуандары қолданған жасанды саңылауы бар алып тас. «Ерте орта ғасырларда халық кір тасының орнына кәдімгі тастарды қолданған. Алып тастарды көтеріп жүруден жарыстар да өтетін. Жарыс шарты бойынша салмағы 100-150 кг болатын тастарды көтерген батырлар бір-екі қадам ғана емес, әжептәуір қашықтықты жүріп өтуге тиіс. Мұны күш сынасу, сес көрсету десе де болады. Бұл туралы поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич өзінің күнделіктерінде жазып кеткен», - дейді мұражай қызметкері.
Мұражайда дулат тайпасының таңбасы ойылған шекара тас бағанасы да бар. Оны жергілікті тұрғындар Мухаррам Минтайұлымен бірге 1991 жылы картоп алқабынан тауып алыпты. Балбал сияқты бұл да – қазір мұражайдың ең құнды экспонаттарының бірі.
Сонымен қатар музейде XIX-XX ғасырларда тұтынған көптеген тұрмыстық заттар мен киім-кешектер бар. Мектеп кітапханасының қорынан кездейсоқ табылған көне кітап та осында. Алаш Орда кезеңіндегі, Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгілері, ХІІ-ХІV ғасырлардағы жебе ұштары, түрлі мемлекеттердің ақша белгілері, ежелгі қыш ыдыстардың сынықтары, самаурын, сағат тетіктерінің сан түрі, үтіктер, «Зингер» тігін машиналары, фотоаппараттар, ат әбзелдері, қару үлгілері, сирек кездесетін фотосуреттер және басқа да жәдігерлерді тамашалауға болады.
Сирек кездесетін жәдігерлер арасында 1949 жылғы патефон мен 1950-1956 жылдардағы граммофон пластинкалары да бар. Патефонның шыққанына 73 жыл болғанына қарамастан, одан әлі де әуен тыңдауға болады. Мұхарам Минтайұлы құрылғыны келушілерге ризашылықпен көрсетеді, оны ұқыптап ұстап, тұтқасын баппен айналдырады. Бірер минуттан кейін «Амур толқындары» вальсі тербеледі. Мұнан соң пластинка ауыстырылып, халық әндері шырқала жөнеледі. Музей іші ерекше бір әсерлі әуенге бөленеді.
- 1949 жылғы патефон әлі де жұмыс істеп тұр. Дауысы қатты шықпайды, бірақ дыбысында ерекше бір сиқыр бардай көрінеді, - дейді Мухарам Минтайұлы.
ҚАРТ ТАРИХТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
Расында әр нәрсенің өзіндік тарихы бар, сондықтан Мухарам Хайбуллин әр экспонатқа асқан жанашырлықпен, мұқият қарайдыӘйгілі философ Фридрих Ницшенің мына бір сөзі музей қызметкерінің бар болмысын бізге таныта түскендей: «...тарих өткенді күзететін, құрметтейтін, өзінің шыққан жағына, өзін адам еткен жерге адалдықпен, сүйіспеншілікпен қарайтын адамға тиесілі...», - депті неміс ғалымы.
Экскурсияны қорытындылаған Мухарам Минтайұлы:
- Мұражайдың өміріміздегі маңызы үлкен. Олар оқиғаны сөзбен емес, заттар арқылы баяндап жеткізеді. Әрине, қазір ақпарат алудың жолы көп, әсіресе интернет желісінен бәрін табуға болады. Интерактивті мұражайлар да дами бастады, мұражайларды онлайн аралай алатын мүмкіндіктер бар. Бірақ бәріміз үйренген дәстүрлі мұражай бізге бәрінен қымбат. Мұндағы коллекциялар өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеуде негізгі ақпарат көзі бола алады. Музейімізде Лепсінің, Лепсі округінің тарихы тұнып тұр. Батыс Қазақстаннан, Алматы маңындағы аумақтан әкелінген экспонаттар да бар. Үш этнографиялық залда әр кезеңдердегі қазақ, татар, славян халықтарының өмірі бейнеленген. Біздің өлкеміз табиғат тамашасына, тарихқа өте бай. Орта ғасырларда мұнда Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Сондықтан бұл аймақ саяхатшылар мен зерттеушілерді әлі күнге қызықтырып келеді. Кезінде мұнда Шоқан Уәлиханов, Томас Аткинсон, Альфред Брем, Адольф Янушкевич, Семенов-Тянь-Шанскийлер болған. Біз үшін тарихымызды сақтап, ұрпаққа жеткізу маңызды, бұл өскелең ұрпақты адамгершілікке баулып, рухани тәрбиелеу үшін аса қажет, - деді ол сөзін түйіндеп.
Жалпы Лепсі өлкесі тарихи жәдігерлерге толы. Ауылдың өз ішінде, маңайында сақ қорғандары, балбал тастар кездеседі, жақын маңда жартастарға салынған көне суреттер де табылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.