«Ауылым — алтын бесігім»

«Ауылым — алтын бесігім»

                                      «Ауылым — алтын бесігім»

Жыл сайын дәстүрлі түрде облыс көлемінде ауылдық мәдениет үйлері арасында өткізілетін «Ауылым — алтын бесігім» атты байқау биыл Қабанбай ауылдық мәдениет үйі, кітапхана және Лепсі тарихи музейінде өткізілді. Байқауға арнайы келген әділқазылар алқасы мүшелерін балабақша тәрбиеленушілері бимен шашу шашып, қарсы алды.    Әділқазылар мүшелері алдымен Қабанбай ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, ауылдың білім жүйесі, мәдениет үйінің тыныс-тіршілігі және жастардың атқарған жұмыстарымен танысып, іс-қағаздарына шолу жасады.  Шара барысында Славян этно мәдени орталығының мәдениеті және салт-дәстүрімен, сонымен қатар, ауылдың қолөнер шеберлерінің ұлттық дәстүрдегі көрме жұмыстарын тамашалап, «Балалар жылына» орай ұйымдастырылған оқушылардың қолөнер туындылары көрсетілді.  Сонымен бірге шарада мектеп ұжымдарының ұйымдастыруымен «Жас келінге кимешек кию» дәстүрі көрсетілді.  

         «Балалар жылына» орай, жергілікті ақын Нүсіпқан Қадірсұлтанның «Балалығым бал тілім» атты кітап тұсаукесері өткізілді. Сондай-ақ,  «Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылып, жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Ана» қойылымы келген қонақтар назарына ұсынылды.

         Салтанатты шара шымылдығын аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов ашып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Алдымен байқаудың маңыздылығына тоқталған аудан әкімінің орынбасары «Ауылым – алтын бесігім» байқауына қатысып отырған мәдениет үйі, кітапхана және музей ұжымдарына сәттілік тіледі.

         Шара соңында Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары және жастарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама көрермен назарына жол тартты.

         Шара Лепсі тарихи музейінде жалғасын тауып, онда Лепсі тарихи музейінде орналасқан экспонаттар мен музей құжаттары таныстырылды.