
Жиынның басты мақсаты - Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру және ет экспорты потенциалын арттыру. Форумның алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев алып, өңірдің ауыл шаруашылығы жағдайымен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінен Кристофер Билеки, «Етті мал шаруашылығындағы тауар табынының жай-күйін жақсарту» тақырыбында етті малшаруашлығы саласының маманы Фрэнк Грейвс, «Румыниядағы Ангус тұқымын дамыту және етті мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау» тақырыбында Румыния мемлекетінен келген Ангус тұқымды қауымдастығының директоры Гочиман Иоанн, «Чехиядағы етті мал шаруашлығы» тақырыбында Чехия мемлекетінен келген етті мал шаруашылығы қауымдастығының атқарушы директоры Камиль Малат, «Мал шаруашылығын дамытудағы экспорттың маңызы» тақырыбында сиыр етін өндірушілер Ұлттық одағының бас директоры Роман Костюк, «Алматы облысында ірі ет комбинаты мен суару қондырғыларын шығаратын зауыт құрылысы» тақырыбында «Kusto Group» компаниясының өкілдері Бейбіт Ерубаев, Дарын Мақаш баяндама оқыды. Шараның соңын «IPK ZHERSU» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов Кеңесбекұлы қорытындылады. Іс-шараның міндеті: Етті және көшпелі мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру, сала өкілдері арасында нетворкинг ұйымдастыру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы жетістіктерін бағалау мен үздік шаруашылықтарды анықтау болды. Конференцияға 7 елден (Қазақстан, Румыния, Чехия, АҚШ, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан) мал шаруашылығына бей-жай қарамайтын 250-ге жуық қатысушы, бизнес тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығы, тауар шаруашылығы, бордақылау алаңдары, ет комбинаттары, генетика, ветеринариялық қызмет және осы саладағы технологиялармен айналысатын компания өкілдері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, Қазақстанның ет одағы, Ақбас, Герефорд, Ангус асыл тұқымды сиыр палаталары, ет өндірушілер мен шаруашылық басшылары қатысты. Шарадан соң келген қонақтар «Архарлы-Майбүйрек» шаруа қожалығының жай-күйімен танысты.