Алакөл ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар жазушысы, ақын, 30-ға тарта жыр жинағының авторы, Алаш сыйлығының лауреаты, аудармашы Қастек Баянбайдың 85 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Алакөл ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар жазушысы, ақын, 30-ға тарта жыр жинағының авторы, Алаш сыйлығының лауреаты, аудармашы Қастек Баянбайдың 85 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Алдымен шара шымылдығы Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткізілген «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты уақытша экспозицияның ашылу салтанатымен бастау алды.
Іс-шараның басты мақсаты – жазушының шығармашылығын, еңбектерін насихаттау, сондай – ақ өскелең ұрпақтың ақын-жазушылардың шығармашылығына деген жоғары құрметін қалыптастыру болды.
Аталмыш шараға жазушының жұбайы Күлшат Баянбаева, қызы Муза Баянбаева, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, филоллогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР «Дарын» сыйлығының лауреаты Бауыржан Өміржанұлы Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, жазушы, М.Әуезов атындағы ғылыми – зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш, ақын, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Кенебай Жұмаш Айтжұманұлы, көрнекті қоғам әрі мемлекет қайраткері, меценат, кәсіпкер Бижанов Керімжан Кісенбайұлы, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Төлеужанов Мәулен Төлеубекұлы қатысты.
Шара қонақтарды салтанатты түрде шашумен қарсы алудан басталды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Өміржанұлы алғашқы болып сөз алып, жазушы Қастек Баянбай туралы тағылымды пікірін, балалар ақынының тұлғалық ерекшеліктерін айта келе, Алакөл өңірінен шыққан басқа да ақын – жазушыларға тоқталды. Келесі кезекте Мәулен Төлеубекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға ізгі лебізін білдірді. Теректі орта мектебінің оқушылары арнайы дайындаған өлең, арнауларын оқып, мәдениет үйінің өнерпаздары ән орындады. Осыдан кейін жазушының жары Күлшат Баянбаева Қастек атамызбен 60 жыл бірге отасқандағы жылы естеліктерімен бөлісіп, алғысын білдірді.
Шара барысында қонақтарға музей залдары бойынша экскурсия жүргізіліп, «Туған жердің тұлғалары» залында жаңа экспозицияның салтанатты ашылуының лентасы қиылды. Қонақтарға жаңа экспозициядағы Қастек Баянбайдың жеке костюмі мен шапаны, жұмыс үстеліндегі бұйымдары және т.б заттары  таныстырылды. Сондай –ақ Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, ақын, қоғам қайраткері Кенебай Жұмаш Айтжұманұлы және басқа да достары мен әріптестері Қастек Баянбайдың қызмет пен өмірдегі қасиеттері жайлы тебіреніске толы пікірлерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Шара соңында жазушының жары Күлшат Баянбаева Қастек Баянбайдың жұмыс папкасын, дипломы, алғыс хаттар мен грамоталарын, отбасылық фотосуреттері және т.б заттарын музей қорына салтанатты түрде табыстады.
Екі күнге созылған шара Қастек Баянбаевтың оқуларымен жалғасын тапты.
Оқу Алакөл ауданының білім мекемелері оқушыларының қатысуымен 6 номинация бойынша өткізілді. Байқауға аудан бойынша барлығы 160 оқушы қатысты.
Қастек Баянбай оқулары 2 бөлім бойынша ұйымдастырылды. «Жыр дәурен» номинациясында оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқыса,  «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды...» номинациясында жас дарындар өз шығармаларын, арнау өлеңдерін оқыды. 2-4 сынып оқушылар арасында «Жаңылтпаштар» байқауы, «Жүзіктей жұмыр жұмбақтар» сайысы өтті.
Жеңімпаздар ақынды еске алуға арналған кешінде Алакөл ауданының әкімі Алмас Сапарғалиұлы Абдиновтың арнайы Дипломдарымен марапатталды.
Еске алуға арналған кеште келген қонақтар Қастек Баянбайды еске алып,  естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында аудан әкімі жұбайы Күлшат Баянбаеваға қазақтың салт-дәстүрі бойынша комзол кигізіп, гүл шоқтарын табыс етті.
Шара соңы Үшарал қалалық балалар шығармашылық орталығы өнерпаздарының концерттік бағдарламаларымен ұласты.