Аудан әкімі А.Абдиновтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтауы.

Аудан әкімі А.Абдиновтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтауы.

Құрметті офицер мырзалар мен сарбаздар!

Қадірлі алакөлдіктер!

 

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

         Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында Қарулы Күштеріміздің айбары асып, айбыны асқақтай түсті. Бүгінде олар тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті.

         Халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, батыр бабамыз Бауыржан Момыш­ұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қойды.

Қашанда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс. Бүгінгі буын Жеңіс сарбаздары алдында мәңгілік қарыздар.

Туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес өсиеті, қасиетті дәстүрі. Сондықтан да бүгінде сайыпқыран сарбаздарымыз ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, әскери борыштарына, Антына адал қызмет атқаруда.

Қазіргі еліміздегі жауынгерлеріміздің ұрыс қабілеті артып, қазіргі заманғы қару-жарақтармен жабдықталып, әскер қатары білікті кадрлармен толығып келеді. Отанымыздың шекарасын, аумақтық тұтастығын қорғау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Ең бастысы, жауынгеріміздің бойында отаншылдық рух күшейіп, әскери қызметтің абыройы мен беделі көтерілді.

         Бүгінгі мерейлі мерекеде бар өмірін әскери қызметке арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарларымыз бен сарбаздарымызға алғысымызды білдіреміз.

         Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

         Бейбітшілікті мақсат еткен Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтата түсетін қуанышты күндер көп болсын!

 Құрметті Отан қорғаушылар!

Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, зор табыс тілеймін. Әрқашан да аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын.

Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

 

Аудан әкімі                                                                     А.Абдинов