Аудан әкімі А.Абдиновтың Жаңа 2022 жылға арналған құттықтауы.

Аудан әкімі А.Абдиновтың Жаңа 2022 жылға арналған  құттықтауы.

Қымбатты алакөлдіктер!

Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2022 жылмен құттықтаймын!

Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен қадам басқанды қалайды.
Қазақстан үшін парасат пен пайымға толы тағы бір жыл ХХІ ғасыр қойнауына еніп барады.

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.

Биылғы жыл еліміз үшін тарихи жыл. Себебі, ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын жоғары деңгейді атап өттік.

 Тәуелсіз елімізге толайым жетістіктер сыйлаған 2021 жылды Алакөл  ауданы табысты қорытындылап отыр.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Халыққа арнаған Жолдауы аясында ауқымды жұмысты бастадық. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру, әлеуметтік сала нысандарын және жолдарды жөндеу бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылып, тұрғындардың өмірі  сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. Ол үшін бізге тек қана ауызбіршілік пен тұрақтылық керек.

2022 жыл – айтулы даталарға толы. Атап айтсақ, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі – ҚР  Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығы, ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл, Дарабоз батыр – Қаракерей Қабанбайдың туғанына 330 жыл, Жетісу жерінің бұлбұлы, әнші Зейнеп Қойшыбаеваның 85 жылдық мерейтойы аудан көлемінде жоғары деңгейде аталып өтпек.

Қадірлі жерлестер!

Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай!  Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін.

Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын!

Әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, молшылық пен ізгілік, денсаулық пен бақыт әкелсін!  Елiмiз тыныш, ынтымағымыз мәңгi, болашағымыз баянды болсын!

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!