Екі өлең жазсам, бірін ауылыма арнаймын

Екі өлең жазсам, бірін ауылыма арнаймын

Қазақ әдебиетінде табиғаттың тамыршысы іспетті, тамашасын жырға қосып жүрген ақындар аз емес. Кестелі сөзбен жүйрік ойды оқырманға шынайы әрі танымды етіп жеткізу де өжеттіліктің белгісі. Осындай бірегей таланттардың бірі, Алакөл ауданы Ақтүбек ауылдық округінің тумасы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, ақын, композитор, әнші, сазгер Естай Әлікеевтің Ақтүбек атындағы орта мектебінде «Жүрегім–сазды сандығым» атты кең көлемді үш сатылы байқауы өткізілді.

Байқаудың негізгі мақсаты-ақынның шығармаларын жас жеткіншектерге дәріптеп, алдағы өмір жолдарына жарқын ой салу болып табылады. Жалпы аудан бойынша ауқымды өткізілген бұл шараға 85 көркемсөз оқу шеберлері қатысып, өз қабілеттерін ортаға салды. Оған аудан әкімінің орынбасары Маулен Төлеужанов, ауданға қарасты Көктұма ауылының тумасы, кино және театр актері, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Рахман Омаров, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Найман» қауымдастығының төрағасы Ғайни Шаймарданұлы, ауыл әкімі Мұрат Ахметов және ақын, композитор, әнші, сазгер - Естай Әлікеевтің өзі қатысып, қазылық етті.
Алакөл тамсанамын келбетіңе,
Өзіңдей жер бар ма екен жер бетінде.
Қабанбай бабамыздың рухы болып,
Толқының толқып жатыр тербетіле.—деп, жырлаған Естай ақынның жас дарындарға арналған байқауына тірек болып келген достарыда өз ойларымен бөлісті.
Айтулы байқауда бой көрсеткен жеңімпаздарды құрметті қонақтар арнайы құттықтап, алғыс хаттарымен бағалы сыйлықтарын табыстады.