Алакөл ауданында жылыту маусымына дайындық басталды

Алакөл ауданында жылыту маусымына дайындық басталды

Алакөл ауданында жылыту маусымына дайындық басталды

1 шілдеде Алакөл ауданында 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне арналған штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Дастан Аханов төрағалық етті.

Кеңеске аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын инспекциясы бөлімінің басшысы, штаб төрағасының орынбасары Еркебұлан Тұрғанов, «Алакөлжылу» МКК директоры Болат Смаилканов, «Алакөлсу» МКК директоры Мұрат Төлегенов, «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нің Достық ауылы бойынша учаске бастығы Еркебұлан Ахметханұлы, «ТАТЭК» АҚ Алакөл аудандық электр жүйелерінің бастығы Дулат Аханов және жауапты мекеме басшылары қатысты.

Жиында өткен жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, алдағы дайындық барысы жан-жақты сараланды. Аудан бойынша әлеуметтік нысандарды сұйық және қатты отынмен қамтамасыз ету, орталық қазандықтардың жұмысы, инженерлік желілердің жай-күйі, көмір қоры мен тұрғындарды отынмен қамту мәселелері қаралды.

Баяндама барысында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының нысандарын жылытуға қажетті отын көлемі мен оған бөлінген қаржы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Үшарал қаласындағы «Алакөлжылу» және Достық ауылындағы «Теміржолсу-Алматы» кәсіпорындарының қазандықтарын алдағы маусымға дайындау жұмыстары талқыланды.

Штаб отырысында қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау, инертті материалдар қорын қалыптастыру, қар тазалау техникаларының дайындығы, ауылдық округтердің қысқы маусымға әзірлігі, тұрғындарды көмірмен уақытылы қамту, қазандықтар мен электр және су жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.

Жиын қорытындысында штаб төрағасы Дастан Аханов барлық жауапты мекемелерге дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтап, қысқы кезеңде тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.