Бейбіт Исабаев өңірдегі бірқатар мұғалімдерге мемлекеттік наградалар тапсырды

Бейбіт Исабаев өңірдегі бірқатар мұғалімдерге мемлекеттік наградалар тапсырды

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі бірқатар мұғалімдерге Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды тапсырды. Атап айтқанда, оқу жылының аяқталуына орай және еңбектегі толайым табыстары үшін облыстың әр аймағынан 6 педагог-шебер «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы ұстаздарды алдымен Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, педагогтардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы айрықша үлестерін атап өтті:

- Сіздер ел болашағы жастарға білім беруде аянбай еңбек етіп келесіздер. Осындай қажырлы қызметтеріңіздің арқасында биылғы оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларда облысымыздың 209 оқушысы биік белестерді бағындырды. Өздеріңізге беріліп отырған мемлекеттік наградалар көп жылдық жемісті еңбектеріңізге деген мемлекет тарапынан көрсетілген шынайы құрмет деп білеміз, - деген Б. Исабаев педагогтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Атап айтқанда, білім беру саласына қосқан елеулі үлесі мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейінің математика пәнінің мұғалімі Зиялы Абилова, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльвира Досаева, Текелі қаласындағы № 7 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Виктория Комелькова «Құрмет» орденімен, Ескелді ауданындағы Жетісу орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Жарқынай Болысбекова, Сарқан ауданындағы Жетісу орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Дана Жәкенова, Алакөл ауданындағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кенжегүл Қалияева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Өз кезегінде ұстаздар көрсетілген құрмет пен берілген марапат үшін ризашылықтарын білдірді.

 - Бұл жалғыз адамның емес, бүкіл ұжымның, тұтас педагогтер қауымның еңбегіне берілген баға деп білеміз. Біз өзімізге артылған сенім мен жауапкершілікті ақтауға, саналы да білімді жастарды тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді саламыз. Қазіргі кезде заманауи мектептер салынып, білім нысандары уақыт талабына сай жаңартылуда. Бұл бізге оқыту процесін шығармашылықпен, жаңа технологиямен ұштастыра отырып жүргізуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр, - деген сарқандық ұстаз Дана Жәкенова мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдайлар үшін алғысын жеткізді.

Кездесуден кейін марапат иелері жетісулықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, пікірлерін білдірді:

- Менің ұстаздық жолда келе жатқаныма 40 жыл болды. Бізге награда бүгін Мемлекеттік рәміздер күнінде беріліп, қуанышымыз еселене түсті. Осы мерекемен барша жерлестерімді құттықтаймын. Осы қырық жылда жинаған тәжірибемді жас мамандарға үйретуден жалыққан емеспін. Бүгінге дейін шәкірттерім «Ауыл олимпиадасынан», пән олимпиадаларынан, «Зерде», «Дарын» республикалық ғылыми жобаларында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Мен оқушыларымның осындай жетістіктерімен мақтанамын. Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында, - деді Ескелді ауданынан келген ұстаз Жарқынай Болысбекова.

- Бүгін бірқатар әріптестерімізбен бірге салтанатты түрде мемлекеттік награда алдық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі заманда мұғалімдерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен. Ол тек білім беріп қана қоймай, балаларға көп көңіл бөліп, олармен тіл табысатын, оған қоса жылдам қарқынмен дамып жатқан жаңа технологияны меңгерген, оны пән оқыту барысында кеңінен қолданатын маман болуы тиіс. Бұл ретте біз әрдайым осы үдеден шығуға бар біліміміз бен тәжірибемізді жұмсаймыз, - деді текелілік ұстаз Виктория Комелькова.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев