
Алакөлде Наурыз мерекесі аталып өтті
Наурыз мейрамы - ежелден қалыптасқан жыл бастауы. Күн мен түн теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген мереке.
Осыған орай, бүгін Д. Қонаев атындағы орталық алаңда “Армысың, Әз-Наурыз” атты мерекелік шара жоғары деңгейінде аталып өтті. Табиғат ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын Алакөлдіктер бар сән-салтанатымен, жылы шырайымен қарсы алды.
Көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күнінде аудан әкімі А.Абдинов аудан тұрғындары мен қонақтарын әз Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке мен молшылық тіледі.
Ауданымыздың тұрғындары мен қонақтарына жеке кәсіпкерлер, білім беру ұйымдары қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көже тарту етіп, ақ дастархан жайылды.
Алакөл ауданына қарасты білім беру ұйымдары қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен түрлі көріністер көрсетіп, халық назарына паш етті.
Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қашанда іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Жиын соңы З. Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламаларымен ұласты.