«Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» форумы өтті

 «Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» форумы өтті

 «Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» форумы өтті

12 ақпан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» тақырыбында аудандық форум өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сталкингтің алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.

Форумға құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, аудандық бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, сондай-ақ пробация қызметінің өкілдері қатысты.

Форумның арнайы қонағы – Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Байгозинов Серік Өмірханұлы болды.

Алғы сөзбен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Абдильдаев Азамат Мұратұлы сөз сөйлеп, сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі мен оның алдын алу жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, Алакөл ауданы прокуратурасының прокуроры Ондабаев Ерасыл Қыдырбайұлы құқықтық жауапкершілік мәселелерін түсіндірді.

«Сталкингтің алдын алу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты» тақырыбында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Садиев Алмат Тезекбайұлы баяндама жасап, отбасылық құндылықтарды нығайту мен алдын алу жұмыстарының маңызын атап өтті.

Аудандық орталық аурухананың психологы Әліпбекова Әйгерім Әліпбекқызы психологиялық қолдау тетіктері мен жәбірленушілермен жұмыс істеу бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.

Форум барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсыныстар мен сұрақтар талқыланды. Жиын соңында қорытынды сөз сөйлеген Серік Өмірханұлы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтті.

Форум қорытындысы бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, алдын алу шараларын күшейту, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелеу бағытында нақты ұсыныстар қабылданды.

Іс-шара қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтуге серпін берді.