Алакөл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Қанағатовпен сұхбат

Алакөл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Қанағатовпен сұхбат

Ауданымызда 41 663 сайлаушы бар

Ұлттық құрылтайдың V отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ата Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бүгінде бұл мәселе қоғам арасында қызу талқыланып, алдағы уақытта референдум өтеді деген күтілім бар. Осыған байланысты біз Алакөл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Қанағатовпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ата Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Соған байланысты алдағы уақытта жалпыхалықтық референдум өткізілетін болса, аудандық сайлау комиссияларының дайындығы қандай?
– Жалпы, референдум дегеніміз – қандай да бір мемлекеттік маңызы бар мәселе қабылданар алдында халықтың пікірін білу, оның келісімін алу мақсатында өткізілетін шара. Ауданымызда 1 аудандық және 53 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Бұл учаскелер өңіріміздегі 24 ауылдық округтің аумақтық шекарасына сәйкес бөлінген. Қазіргі таңда 53 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы толық бекітіліп, жұмысқа дайын деп айтуға болады.
Учаскелік сайлау комиссиялары орналасқан мекенжайлар мен сайлау өткізуге арналған үй-жайлар қолданыстағы талаптарға толық сәйкес келеді. Ғимараттарда азаматтардың дауыс беруіне, дауыс беру алдында толық ақпарат алуына, кіріп-шығуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан референдум жарияланған жағдайда, біз ҚР сайлау заңнамасы мен бекітілген ережелерге сәйкес референдум өткізуге толық дайынбыз.

– Ауданымыздағы сайлаушылардың саны қанша?
– Бүгінгі таңда, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, ауданымызда 18 жасқа толған, жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген, сайлау құқығына ие 41 663 сайлаушы бар.

– Сайлаушыларға айтар лебізіңіз, тілегіңіз болса?
– Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен 2005 жылғы қыркүйекте Будапешт қаласында өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясы аясында бекітілген Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде атап өтіледі. Яғни, биылғы жылы 5 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні. Осы орайда барлық сайлаушыларды, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін.

Сұхбаттасқан: А. ЕСЕНБЕКОВ,
бас редактор.