
ЖАҚСЫЛЫҚПЕН КЕЛ, ЖАҢА ЖЫЛ-2026!
Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді мерекелердің бірі. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды. Әсіресе, қызыққа толы мерекені балалар ерекше көңіл-күймен тосатыны белгілі.
Осыған орай, жылдағы дәстүр бойынша «Үшарал» мейрамханасында аудан әкімі А. Абдиновтың бүлдіршіндерге арналған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты мерекелік іс- шара өтті.
Шараның мақсаты- балаларымызды ғажайып әлемге саяхат құрғызып, жаңа жылдық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
“Алда келе жатқан жаңа 2026 жыл баршамызға мол қуанышпен келсін. Жас ұрпақтарымыздың болашақтары жарқын, келешектері кемел болып, асқақ армандары орындалсын!”-деді мерекелік шарада аудан әкімі А. Абдинов.
Мерекеге көпбалалы отбасының, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жағдайы төмен және ерекше күтімді қажет ететін 100 бала қатысты.
Жоғары деңгейде өткен кеште ғажайыпқа толы қойылымдар қойылып, би орталықтары, мектеп оқушылары, балалар шығармашылық орталығы мен аудан өнерпаздарының ән шашуы мен билері мерекелік думанды жандандыра түсті. Балаларға кеңінен таныс ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, балаларға әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Одан бөлек, балғын балақайлар өз өнерлерін көрсетіп, Аяз атаның тәтті сыйлығына кенелді. Ескі жылан жылын ризашылықпен шығарып салған балалар жылқы жылын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Жаңа жылдық кештің соңында «Integra Construction KZ»компаниясының атынан әлеуметтік көмекті қажет ететін балаларға арнайы қыстық киімдері мен тәтті сыйлықтар тарту етілді.