Алакөл ауданында су үнемдеу технологиялары бойынша мониторинг жүргізілді
2025 жылғы 5–11 тамыз аралығында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасына сәйкес Алакөл ауданында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды мониторингтік жұмыстар жүргізілді.
Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің өкілдері – Нысанбаев Марат Ерғалиұлы және Молдабек Әкерке Қайратқызы қатысып, аймақтағы ірі агроқұрылымдардың жұмысымен танысты.
Сарапшылар “Болат Груп ЛТД”, “Диханшы”, “Алмас”, “Алакөл агро”, “Арқарлы-Майбүйрек” секілді шаруа қожалықтарын аралап, әр қожалықтағы суару жүйелерін, егістік алқаптарының игерілуін зерделеді. Әсіресе, “Болат Груп ЛТД” ЖШС (басшысы – Сиырбаев Болат) қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып жаңа технологияларды сынақтан өткізіп жатқаны назарға алынды.
Жалпы есеп бойынша, ауданда 3169 гектар суармалы жер қорғалып, тиімді игеріліп келеді.
Мониторинг жұмыстарының басты мақсаты – өңірлерде қолданылып жатқан су үнемдеу технологияларының тиімділігін бағалау, сондай-ақ нақты деректерді жинақтап, ауыл шаруашылығы саласына енгізу жолдарын қарастыру болды.
Шараға Алакөл ауданы әкімдігі тарапынан жетекшілік еткен — Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Рысбеков Манатбек Мырзашұлы мен бөлімнің бас маманы Сембаев Әли Қасенұлы.
Аталған іс-шара ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.