Үшаралда «QOSYL FEST» шығармашылық фестивалі өтті
2025 жылғы 15 тамыз күні Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы Д.Қонаев атындағы орталық алаңда жастарға арналған «QOSYL FEST» шығармашылық фестивалі өтті. Шараны «Jetisu Jastary» орталығы мен «Alakol jastary» филиалы ұйымдастырды. Фестивальдің негізгі мақсаты – жастарды белсенді азаматтық ұстанымға шақыру, кәсіпкерлікке, жұмыспен қамтуға, еріктілікке және шығармашылық бағыттарға ынталандыру, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат беру.
Фестиваль 200-ден астам жас қатысушыны қамтыды. Кешті әсерлі музыкалық бағдарлама ашып, қатысушыларды тіркеуден өткізді. Бұдан соң аудан әкімі Абдинов Алмас Сапарғалиұлы жастармен еркін сұхбаттасып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау бағыттарын түсіндірді.
Фестиваль аясында «Робототехника» көрмесі ұйымдастырылып, спорттық ойындардан гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, «Шарға ат – жауап ал», «Кальмар», «Тапқыр қол» сияқты жастардың қызығушылығын оятатын сайыстар өткізілді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында танымдық ЭкоQuiz ойыны ұйымдастырылды.
Кештің шырайын Алакөл ауданының өнерпаздары мен JJPRO – Спорт және даму орталығының бишілері қойған концерттік бағдарлама аша түсті.
Фестиваль қорытындысында жеңімпаздар марапатталып, жастарға түрлі бағыттағы кеңестер берілді. Атап айтқанда, 87 жас маман жұмысқа орналасу бойынша нақты кеңес алды. Сонымен бірге 70 жас мемлекеттік гранттарға өтініш беру тәртібімен танысып, өздеріне қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілді.
Жалпы, «QOSYL FEST» жастар арасында ерекше серпіліс туғызып, олардың белсенділігін арттырды. Қатысушылар шараны жоғары бағалап, алдағы уақытта мұндай жастарға арналған бастамалардың жалғасын табуына зор қызығушылық танытты.