Жетісу облысында табиғи өрттердің алдын алу және олардың туындау қаупін азайту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бұл мәселе Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында.
Биыл өрт қаупі маусымы басталғалы өңірде 5 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға көп. Ірі өрттер Жаркент, Бөрлітөбе, Алакөл және Үштөбе орман шаруашылықтарының аумақтарында орын алды.
Сонымен қатар, жалпы ауданы 433,5 гектар дала аумақтарында 97 жану оқиғасы тіркелді. Оқиғалар саны 14%-ға артқанына қарамастан, өрт шалған аумақ көлемі өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға азайды.
Бүгінде Жетісу облысында 2 млн астам гектар орман қорын жеті орман шаруашылығы мен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты үш табиғат қорғау мекемесі – «Жоңғар Алатауы», «Алтын Емел» ұлттық парктері мен «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы қорғайды. Бұл мекемелердің базасында 16 өртке қарсы станция жұмыс істейді. Ормандардағы жағдайды ғарыштық мониторинг, бір бейнебақылау камерасы және 14 дрон аппараты арқылы бақылау жүзеге асырылуда.
Өрттермен күресу үшін 3098 адам және 529 техника бірлігі дайындыққа келтірілді. Елді мекендерде 115 ерікті өртке қарсы құрылым және 49 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Олар 798 техника бірлігімен және 2 мыңнан астам жеке құраммен жабдықталған.
Профилактикалық рейдтің нәтижесінде 69 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 37-сіне ескерту берілсе, 32-сі айыппұл төледі.
Мамандар орман алқаптарына бару кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеді: от жақпау, шылым шекпеу және қоқыс тастамау. Ережелерді жеке сақтау – өрттердің алдын алудағы маңызды шара.